Омбудсменнің ұсынымынан кейін ШҚО-дағы Психикалық денсаулық орталығын жаңғырту қолға алынды
Еліміздегі жабық медициналық мекемелерге жүргізілген превентивті мониторинг нәтижесінде бірқатар нысанда ғимараттар мен жабдықтардың физикалық және моральдық тұрғыдан әбден тозғаны анықталды.Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облыстық Психикалық денсаулық орталығының қазіргі ахуалы алаңдаушылық туғызады. Бұған дейінгі тіркелген деректерге сәйкес, ғимараттың біртіндеп қирауы жалғасуда, ал жылыту жүйесі, кәріз және ыстық сумен жабдықтау мүлде қарастырылмаған.Омбудсмен Артур Ластаев Денсаулық сақтау министрлігіне тозығы жеткен нысанды санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестендіру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды, қажет болған жағдайда оның қызметін уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. А. Ластаев орталықтың қазіргі жағдайдағы қызметі пациенттер мен медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ерекше атап өтті.Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі Омбудсменге 2025 жылы Психикалық денсаулық орталығының ескі ғимаратының орнына заманауи Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынатынын мәлімдеді.Омбудсменнің ұсынымына сәйкес, Алматы облысындағы мамандандырылған үлгідегі Республикалық психиатриялық аурухананың жаңа емдеу корпустары мен тұрмыстық нысандарын кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Фтизиопульмонология орталығы ғимаратының желдету жүйесін қайта жаңғырту және модернизациялау мақсатында қаржыландыруға өтінім жолданды.Жабық медициналық мекемелердегі пациенттердің құқықтарын тиісті деңгейде қамтамасыз ету – халықаралық стандарттарға сәйкестіктің ғана емес, қоғамның гуманизм мен өркениеттілік қағидаттарын ұстануының айқын көрсеткіші. Омбудсмен институты бұл мәселені бақылауда ұстап, мониторинг жүргізуді жалғастырады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -