ОТАНДЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫ ГОНКОНГ ҚЫТАЙ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТУДА
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында екі өзара түсіністік туралы меморандум жасалды: бірі – Гонконг Қытай университеті мен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті арасында болса, екіншісі – Гонконг Қытай университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ арасында.
Профессор, Гонконг Қытай университетінің білім беру факультетінің білім беру және саясат басқармасы кафедрасының меңгерушісі Алан К.Чунг Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өкілдерімен кездесу барысында бүгінде ЖОО-да 20 мыңға жуық студент оқитынын, оның ішінде 20 пайызға жуығы басқа елдерден келген азаматтар екенін атап өтті. Ал болашақта халықаралық студенттер санын 40 пайызға жеткізу көзделген. Жалпы Гонконгта 8 мемлекеттік және 4 жеке университеттері шәкірттерді дайындайды.
ҚарТУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Сәуле Сағынтаева университет 70 жылдық тарихында 100 мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланды.
Сәуле Сағынтаева қонақтарға республиканың жетекші техникалық университеті болып табылатын оқу орнының құрылу тарихын және қазіргі факультеттері мен кафедраларын таныстырды. «Бұл екі университет арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың бастауы. Себебі меморандум аясында екі елдің білім алушылары мен оқытушыларына қос диплом алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ бұл мобилдік академиялық әдістермен оқуға және ұтқырлық бағдарламаларға қатысуға, машина жасау, энергетика, химия және т.б. салаларда бірлескен зерттеулер жүргізуге, форумдар мен конференцияларға қатысуға мүмкіндік беретін келісімшарт. Мұндай қадам жоғары білім беру деңгейін көтеретіні сөзсіз», - деді ректор.
Сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ-да Гонконг Қытай университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Абай университетінің стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Ысқақова ынтымақтастық аясында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы, тәжірибе алмасу және «Шақырылған шетелдік ғалымдар» жобасына қатысу мүмкіндіктерін дамыту туралы бастама көтерді.
Гонконг Қытай университетінің өкілдері жас таланттарды тартуға және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында университет студенттерімен және оқытушыларымен сұхбат жүргізіп, кездесу өткізді.
Сондай-ақ кездесу аясында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және білім алмасу мақсатында оқу орындары арасында серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, Гонконг Қытай университеті әлемдік стандартқа сай оқу орны болып табылады. Университет әлемде 47-ші, Азия бойынша 10-шы (QS World University Rankings - 2024 рейтингіне сәйкес), Гонконгта 1-ші орында.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -