ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭПИЗООТИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Биыл Түркістан облысында аса қауіпті аурулардың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 10 түрлі ауруға қарсы 19,8 млн. доза вакцина егу жоспарланған. Оның ішінде, 7 ауруға қарсы вакцина егу, 2 ауруға аллергиялық тексеру, 1 ауруға дегельминтизация жасау көзделіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде ветеринариялық іс-шаралар пысықталып, жоспарлар талқыланды. Аймақ басшысы жұмыстарды мерзімінде атқаруды міндеттеп, эпизоотиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәжілісте Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Тағаев ветеринариялық шаралардың өткізілуі туралы баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыс аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты. Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулар тіркелмеді. Үш жыл көлемінде жүргізілген эпизоотиялық мониторинг нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда 6 түрлі аса қауіпті ауруға егілетін вакцина қысқартылған.
Профилактикалық іс-шараларға жоспарланған вакцинаның 10,5 млн. дозасы «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК аудан, қаладағы филиалдарының уақытша сақтау қоймаларына жеткізіліп, бүгінде жоспарға сәйкес егу жұмыстарының 25% орындалды.
Диагностикалық іс-шаралар бойынша 882,2 мың бас ірі қара малдан, 4124,6 мың бас уақ малдан қан сынамаларын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жоспарланған болатын. Бүгінде 87,3 мың бас ірі қарадан және 376,9 мың бас уақ малдан қан сынамалары алынып, тексерілді.
Аталған іс-шаралар екі кезеңде атқарылып, жыл бойына 3,2 млн бас ірі мал бүркіліп, 10,5 млн бас уақ мал тоғытылады. Одан бөлек, 30,1 млн шаршы метр буферлік аймақтар, 78,3 млн шаршы метр үй іргелік қора-жайлар мен 14,4 млн шаршы метр сыртқы қора-жайлар залалсыздандырылады. Сібір жарасы ошақтарын күтіп ұстауға және залалсыздандыруға бюджеттен қаржы қаралып, 309 дана ошақты залалсыздандыру жоспарлануда.
Жиында Облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Cанжар Бүрлібаев су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндады. Түркістан облысы аумағында су тасқынының алдын алу шаралары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қажеттілігіне қарай аудан, қалалардағы су арналары, арық-атыздар мен каналдар қоқыстан тазартылып, қашыртқылар ретке келтірілді. Одан бөлек, визуалды зерделеу жұмыстары нәтижесінде бірқатар су нысандарына тиісті жұмыстар атқарылды. Өңір басшысының тапсырмасымен жөндеуді, реттеуді қажет ететін су нысандары зерделеніп, мәселелері назарға алынған.
Су тасқынының алдын алу жұмыстары қатаң бақылауда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -