ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕГІРТКЕ ЗИЯНКЕСІНЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА 2 МЫҢНАН АСА АДАМ ТАРТЫЛАДЫ
Түркістан облысында биыл 372 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы өңдеу шаралары жоспарланды. Оның 192 мың гектары республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылса, қалғаны жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады. Шегірткеге қарсы күрес мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кезекті рет пысықталды.
– Жұмысшы топтар, техникалар, зиянкестерге қарсы дәрілер толық дайын болуы тиіс. Кешігуге болмайды. Бұл жұмыстардың артында диқандарымыздың, жүздеген отбасының мәселесі тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен істеңіздер. Дәрілеу, өңдеу жұмыстары сапалы атқарылуы керек, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зиянкестерге қарсы күрес өз уақытында жүргізілетінін айтты. 2024 жылдың 31 желтоқсанда облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу» штабы құрылып, күнделікті дайындық жұмыстары атқарылуда. Мамандардың болжауынша, ауа райының қолайлы болуына байланысты шегіртке дернәсілдері сәуір айының алғашқы онкүндігінде шығады деп күтілуде.
Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жер алқаптарының 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, жалпы 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты болып бекітілді. Өңдеу шараларына әр жұмысшы топқа 5 техникадан, жалпы 325 бүрку техникасын қатыстыру жоспарлануда. 2000-нан аса адам жұмылдырылады. Мәселе облыс әкімдігінің қатаң бақылауына алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -