Талдықорғанда Жетісу облысындағы алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды
Жетісу облысының спорт объектілерінің қатары тағы бір жаңа нысанмен толығып, бүгін Талдықорған қаласында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған Үстел теннисі орталығы ашылды. Бұқаралық спорт нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов, Атлантадағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, «Қазақстан барысы» тұңғыш турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл, спорт ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Орталықтың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев бұқаралық спортты дамытудағы атқарылған шараларға қысқаша тоқталып, қолданысқа беріліп отырған жаңа нысанның жастарды тәрбиелеуде үлес қосатынына сенім білдірді:
- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», - деп атап өткен болатын. Осы орайда спорттық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне жағдай жасалуда. Бұл ретте спорттық нысандарды салуға мемлекетпен қатар жеке инвесторлардың да белсенді қатыса бастағаны қуантады, - дей келе Бейбіт Исабаев орталықты салуға қаржылай қолдау көрсеткен «Жетісу қолдау» қоғамдық қорына облыста спортты дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін жетісулықтардың атынан алғысын жеткізді.
Өңір басшысы атап өткендей, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бұл маңызды нысан халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес салынған. Онда кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін де жағдай жасалған.
Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та көпшілікке игі тілегін жеткізді.
- Бүгінгі Талдықорғанда ашылып отырған орталық – еліміздегі 11-ші үстел теннисі орталығы. Жалпы Қазақстан бойынша 245 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады. Талдықорғанда мынадай ғимарат ашылғаннан кейін мұнда үстел теннисінің клубын ашып, мықты жаттықтырушылар тартып, жас спортшыларды көптеп тәрбиелеу керек. Жаңа орталық құтты болсын! Үстел теннисін бірігіп дамыта берейік, - деді Е. Қанағатов.
Жалпы осы Үстел ойындары және спорттық туризмнен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық спорт мектебінде 613 оқушы тәрбиеленсе, соның 131-і үстел теннисімен айналысады. Мектепте 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Салтанатты шарадағы лента қию рәсімінен кейін жиналған көпшілік нысанның ішін аралап көрді. Жалпы ауданы 2193 шаршы метр болатын екі қабатты ғимараттың үстел теннисіне арналған үлкен залында 12 үстел қойылған, алдағы уақытта оның санын көбейтуге де мүмкіндік жасалған, сол сияқты 250 орындық трибунасы, шахмат пен тоғызқұмалаққа арналған залы бар. Оған қоса орталықта тренажерлары бар зал, массаж бөлмесі, душ және жуынатын бөлмелер және басқа да қажетті әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Жобаға жалпы 1,3 млрд. теңге инвестициялық қаражат жұмсалды.
- Талдықорғандағы үстел ойындары мен спорттық туризм бағытында жұмыс істеп тұрған облыстық мектеп бұған дейін жалдамалы ғимаратта отырған. Енді біздің өз үстел теннисі орталығымыз болады. Соның арқасында кәсіби және әуесқой спортшылар кез келген ыңғайлы уақыт пен қолайлы жағдайда үстел теннисімен айналысып, шахмат немесе тоғызқұмалақ ойнай алады. Орталықтың заманауи материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сай жасақталған. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және спорттық жетістіктерді жақсартуға ықпал етеді, - деп атап өтті облыстық үстел ойындары мен спорттық туризм бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұрлан Дүйсенбинов.
Қуанышты жаңалыққа орай жас спортшылар да пікір бөлісті.
- Көксу ауданында үстел теннисі үйірмесіне барамын. Спорттың осы түрімен айналысып жүргеніме бір жыл болды, енді ары қарай кәсіби түрде айналысқым келеді. Сондықтан Талдықорғанда, яғни біздің ауданымызға жақын жерде Үстел теннисі орталығының ашылғанына қуаныштымын, - деді Заңғар Алғабек.
Ал талдықорғандық Ева Рыжованың үстел теннисімен шұғылданып жүргеніне 3 жыл болған. Ол да спорттың осы түрінен жоғары жетістіктерге жеткісі келеді.
- Үстел теннисі үйірмесіне өз қалауыммен әкем жаздырды. Үстел теннисі ойынын меңгеру біраз шыдамдылық пен табандылықты керек етеді. Шамамен бір жыл бойы үзбей жаттықтым, әліппесінен бастап үйрендім десем де болады, кейін біртіндеп жарыстарда жеңіске жете бастадым. Қаламызда бүгін ашылған орталық спортшылардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндіктер береді деп сенемін. Осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымын, - деді ол.
Жетісу облысында 233 секцияда тұрақты негізде 11 592 тұрғын, соның ішінде жастар да үстел теннисімен айналысады. Арнайы секциялар Алакөл, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында құрылған. Бұл секцияларда 146 жаттықтырушы бар. Сондай-ақ мемлекеттік спорттық шығармашылық тапсырыс негізінде үстел теннисінен 17 секцияда 583 бала айналысады.
Жалпы биылғы жылы жергілікті бюджеттен 9 спорттық нысанның құрылысына 3,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 6-ының құрылысы биыл аяқталды. Атап айтқанда, Сарқан ауданы Алмалы ауылында, Алакөл ауданы Лепсі ауылында, Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Панфилов ауданы Үшарал ауылындағы спорт кешені, Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған Қазақстанда теңдесі жоқ волейбол орталығы жаңадан салынса, сондай-ақ инвестор есебінен спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй тұрғызылды.
Облыста халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 64,0%, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыс халқының жалпы санының 42%-ын құрайды.
10 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысының спортшылары 1344 медаль жеңіп алды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -