«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 400 МЫҢНАН АСА АҒАШ ЕГІЛДІ
Түркістан облысында көктемгі ағаш егу және тазалық шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған шараға барлық аудан, қалалардан жалпы алғанда, 235 мыңнан аса тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Қала мен ауыл көшелерін тазалауға 1263 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 5 207 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында айтылды.
Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов көктемгі ағаш егу науқаны бойынша баяндап, тазалық шараларына тоқталды. Оның айтуынша, биыл 1,2 млн. ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 631 түп ағашты көктем мезгілінде отырғызу көзделген. Бүгінгі таңда аудан, қала аумағында 415 мыңнан аса түп ағаш отырғызылып, су жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бекітілген жоспарға сәйкес 2 апта көлемінде 342 елді мекенде тазалық шаралары жүргізілді. Бүгінгі таңда «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 1582 өтінім түсіп, оның 1564-і орындалған. Ал қалған 18 өтінім орындалу барысында. Сондай-ақ биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 5256 хаттама толтырылған.
Биыл күтіп-баптау, абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалыққа тиісті қаржы қарастырылған.
Басқосу соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып, күтіп-баптау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Өңірде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылуы қатаң бақылауда тұр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -