2024 жылы «iKomek-109» Қызметіне 33 мыңнан астам өтініш түсті
iKomek 109 қызметі – бұл Ақмола облысының бірыңғай байланыс орталығы. Ол өңір тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы түрлі мәселелерді жедел шешуге тәулік бойы көмек көрсетеді. «109» нөмірі 2020 жылдан бастап азаматтардың мемлекеттік органдармен және коммуналдық қызметтермен тиімді байланысын қамтамасыз етіп, туындаған мәселелерді жылдам шешуге көмектеседі.
2024 жылы iKomek операторлары өңір тұрғындарынан 33 519 өтініш тіркеген. Оның 32 468-і орындалса, қалғандары қаралуда.
Өтініштердің сипаты маусымға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, 2024 жылдың көктемінде өтініштердің басым бөлігі су тасқынына қатысты болса, қыста ақмолалықтар жолдар мен тротуарларды қар мен мұздан тазарту мәселелері бойынша жиі жүгінеді.
«Біздің ауысым таңғы сағат 9:00-де басталып, кешкі 21:00-де аяқталады. Содан кейін түнгі ауысымдағы әріптестерімізге кезекшілікті тапсырамыз. Біз қоңырауларды қабылдап, өтініштерді тіркеп, тиісті қызметтерге жолдаймыз. Мысалы, Көкшетаудағы толып кеткен кәріз құдығына қатысты өтініш түссе, оны «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК-ға жолдаймыз. Жұмыс орындалғаннан кейін кері байланыс аламыз. Егер белгілі бір елді мекенде көшені қардан тазалау қажет болса, жергілікті әкімдікке хабарласып, атқарылған жұмыс туралы фото немесе бейне есеп аламыз», – деді аға оператор Индира Қасымұратова.
Қызметте 14 оператор жұмыс істейді, оның төртеуі – аға операторлар. Жұмыс 12 сағаттық күндізгі немесе түнгі ауысымда ұйымдастырылған. Ауысым арасындағы демалысқа екі тәулік беріледі.
«Күн сайын операторлар шамамен 120 қоңырау қабылдайды. Оның орта есеппен 40 шақтысы тиісті қызметтерге жолданатын өтініш ретінде рәсімделсе, қалған сұрақтарға кеңес беру форматында жауап беріледі», – деді iKomek 109 қызметінің басшысы міндетін атқарушы Индира Сабирова.
Сонымен қатар iKomek Көкшетаудағы қоқыс контейнерлерінің алаңдарын бейнекамералар арқылы бақылаумен айналысады. Бұл тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
iKomek-ке «109» нөмірі арқылы ғана емес, WhatsApp қосымшасындағы +7 778 705 70 80 нөміріне мәтіндік хабарламалар, фото және бейне жіберу арқылы да жүгінуге болады. Сондай-ақ 2024 жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Telegram-бот іске қосылды. Оның көмегімен ақмолалықтар абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері бойынша 200-ден астам өтініш жіберді.
«@ikomek109aqmola әлеуметтік желісі парақшасында біз тек маңызды ақпарат пен хабарландыруларды жариялап қана қоймай, тұрғындармен тікелей эфирлер өткізіп тұрамыз. Эфир барысында өңір тұрғындары үшін маңызды салаларға қатысты түрлі мәселелерді талқылаймыз және сұрақтарға жауап береміз. Спикерлер ретінде басқармалар мен ведомстволардың басшылары, аудан әкімдері, төтенше жағдайлар департаментінің, полиция мен прокуратураның өкілдері, әртүрлі сарапшылар мен психологтар қатысады», – деп қосты «Smart Aqmola» қызметкерлері.
«Өтініштер бойынша жиналған деректерді талдау тек тұрғындардың негізгі қажеттіліктері мен проблемаларын анықтауға ғана емес, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін негізделген шешімдер қабылдауға да мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуде жүйелі әрі тиімді тәсілді қалыптастыруға көмектеседі», – деп атап өтті «Smart Aqmola» КММ басшысы Гүлім Бегалина.
iKomek 109 – бұл жай ғана қызмет емес. Бұл – Ақмола облысындағы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, технологиялар, адамдар мен ортаны жағымды етуге деген ұмтылысты біріктіретін құрал.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -