Ақмола облысының әкімі Шортанды ауданындағы тау-кен байыту кешеніне барды
Ақмола облысы еліміздің тек аграрлық емес, сонымен қатар индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Өңір экономикасының маңызды саласы – тау-кен металлургия кешені.
Облыс аумағында үш ірі алтын өндіруші, екі уран өндіру және өңдеу кәсіпорны орналасқан.
Қазақстандағы алтын құрамдас кеннің 60%-ға жуығы және жалпы алтынның 30%-ы дәл осы Ақмола облысындағы кәсіпорындарда өндіріледі, бұның арқасында өңір елімізде алтын өндірісі бойынша көш бастап тұр.
Айтарлықтай ірі әлеуеттің мысалы ретінде Шортанды ауданындағы «Жолымбет» тау-кен байыту комбинатын айтуға болады. «Алтыналмас» АҚ-ның осы кен орнында жыл сайын екі тоннадан астам жоғары сапалы алтын өндіріледі, кәсіпорын 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 60%-дан астамы – Жолымбет ауылының тұрғыны.
Шортанды ауданына жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кеншілермен кездесіп, кәсіпорынның қызметімен танысты. Ол Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында тау-кен мамандарымен жүздесіп, олардың еңбегінің маңыздылығын атап өтті.
«Кенші мен шахтер еңбегі – өңір мен бүкіл ел экономикасының негізі. Сіздер қиын әрі қауіпті жағдайда күнделікті еңбек етіп, еліміздің дамуы мен өркендеуінің көзі болып табылатын құнды ресурстарды өндіресіздер. Сіздердің шеберліктеріңіз, табандылықтарыңыз және іске деген адалдықтарыңыз жас ұрпаққа үлгі болуға лайық», – деп атап өтті өңір басшысы.
Ақмола облысында тау-кен өндіру саласына маман даярлау мәселесі де жолға қойылған. Өңірдің өндірістік жүрегіне айналған Степногорск қаласындағы Тау-кен техникалық колледжі білікті мамандарды дайындап, олар кейіннен облыстың ірі кәсіпорындарында жұмыс істей отырып өңір өнеркәсібінің дамуына үлес қосуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -