Марат Ахметжанов Степногорск көпсалалы ауруханасының жаңғырту қарқынын бағалады
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Степногорск көпсалалы ауруханасына барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Медициналық мекемені жаңарту пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Тоқтар Қонырбаевтың айтуынша, мердігер ұйым ішкі әрлеу жұмыстарын толық аяқтап, инженерлік коммуникацияларды жаңартқан. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аурухана пациенттерге денсаулық сақтау стандарттарына сай емделу жағдайын ұсынады.
Ауруханада тәулік бойы жұмыс істейтін 246 төсек-орын және күндізгі стационарға арналған 24 төсек-орын бар. Бұл медициналық мекемеде Степногорск қаласының және жақын маңдағы елді мекендердің 40 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмек алады. Болашақта пациенттер саны 162 мың адамға дейін артып, Бурабай, Ақкөл, Бұланды және Шортанды аудандарының тұрғындарын қамтиды деп күтілуде.
Сапар барысында Марат Ахметжанов медициналық колледждің студенттерімен кездесіп, олардың кәсіби болашағы мен өңірдің денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын талқылады.
Облыс әкімі Степногорск қаласының әкімдігіне және денсаулық сақтау басқармасына құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуді және қаржылық мәселелерді шешуді тапсырды.
«Медициналық мекемелерді жаңғырту – бұл тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, бұл – өңір тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатына қосылған маңызды үлес. Осы жобаны іске асыру қала тұрғындарын заманауи әрі сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша қойған міндеттеріне толық сәйкес келеді», – деп қорытындылады М. Ахметжанов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -