Қазақстан мен Румыния: стратегиялық серіктестік жолындағы жаңа серпін
Бухарест, 2025 жылғы 17 наурыз – Қазақстан мен Румыния арасындағы стратегиялық серіктестікті орнату перспективалары бүгін Бухарестте өткен саяси консультациялардың 8-ші раундының күн тәртібінің негізгі тақырыбына айналды. Қазақ тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, румын тарапын Сыртқы істер министрлігінің Стратегиялық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Ана Тинка басқарды.
Дипломаттар саяси диалогты тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады, сондай-ақ жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақ дипломаты Румыния еліміздің Оңтүстік Шығыс Еуропадағы және жалпы Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. «Бүгін біз Қазақстан-Румыния қатынастарының жан-жақты әлеуетін оларды стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару перспективасымен ашу жөніндегі бірлескен қадамдарды талқыладық», – деп атап өтті Р.Василенко.
Атап айтқанда, Қазақстан мен Румыния президенттерінің БҰҰ Бас Ассамблеясы (2023 ж. қыркүйек) алаңындағы келіссөздерінің қорытындысы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Бухарестке алғашқы ресми сапардың (2023 ж. желтоқсан) нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы іске асыруға ерекше назар аударылды.
Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық келіссөздердің маңызды тақырыбына айналды, оған себеп Румынияның Қазақстанның тауар айналымының көлемі бойынша әлемде 10-шы орында ие болғаны. «Елдеріміздің ынтымақтастығы тек энергетикадағы әріптестікпен ғана шектелмеуі тиіс, Global Gateway бастамасы шеңберіндегі көлік-логистика саласында да айтарлықтай даму әлеуеті бар», – деді Р.Василенко.
Өз кезегінде А.Тинка Румыния Қазақстанмен әріптестікті жоғары бағалайтынын және елімізді Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық одақтас ретінде қарастыратынын атап өтті. «Бухарест биік және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды, өңірлік қауіпсіздікті, сауда дәліздерін дамытуды, сондай-ақ энергетика, қорғаныс және ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты және халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі», – деп мәлімдеді румын дипломаты.
Румыния Премьер-министрі кеңсесінің Экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі Флорин Спатарумен кездесу барысында атом саласындағы жобаларды, сондай-ақ көлік-логистикалық және энергетикалық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі нақты қадамдарды іске асыруды жалғастыру уағдаластығына қол жеткізілді.
Румыния Энергетика министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Павел Ницулескумен өткен кездесуде Р.Василенко Қазақстан әлемдегі мұнай мен газды жетекші экспорттаушылардың бірі бола отырып, Бухарестті энергия тасымалдаушыларды жеткізу және «жасыл» экономика қағидаттарын іске асыруға бағытталған бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Еуропадағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. П.Ницулеску Румынияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін атап өтті.
Румыния Қаржы министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Радуем Калманмен келіссөздер барысында банк және қаржы секторындағы ынтымақтастық перспективалары мәселелері талқыланды, сондай-ақ «KazMunayGas International» компаниясының салық салу мәселелеріндегі мүдделерді қорғау жеке тақырыпқа айналды.
Румыния Парламенті Сенатының Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Титус Корлецянмен келіссөздер барысында тараптар халықаралық істер комитеттері мен достық топтары деңгейінде парламентаралық диалогты жандандыруға келісті. Екі елдің заң шығарушы органдары саяси диалогты ғана емес, сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаратыны аталып өтті.
Тұтастай алғанда, Бухаресттегі келіссөздер екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растап, екі елдің тұрақты экономикалық өсуі мен халықаралық ұстанымдарын нығайту үшін жаңа тауашалар ашатын стратегиялық серіктестік орнату жолында бірлескен бастамалардың негізін қалады.
Анықтама: Румыния – Орталық және Оңтүстік Шығыс Еуропа өңіріндегі Қазақстанның №1 сауда және инвестициялық серіктесі, Еуропада 5-ші және барлық сауда серіктестері арасында әлемде 10-шы орынға ие. Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 2,92 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 2,78 млрд долл., импорт – 138 млн долл.), бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға артық (2,87 млрд долл.). Румыниядан ҚР экономикасына инвестициялардың жалпы ағыны – 1,57 млрд доллар (2005 жылдан бастап 2023 жылғы 3 тоқсанға дейін). Қазақстанда Румынияның қатысуымен 40-қа жуық компания, ал Румынияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 35 заңды тұлға бар.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -