Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында
Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.
2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.
Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда.
Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.
Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.
Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті.
Мемлекет басшысының белсенді дипломатиялық күш-жігерінің арқасында өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып келеді. Нәтижесінде, соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті.
Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды.
Ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46%-ды құрағанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Ол үшін докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түсуде.
Соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -