Жетісуда Ұлттық киімдер күніне орай этнодефиле, көрмелер, отбасылық конкурстар, бейнечеллендж өткізілді
Ұлттық киімдер күніне арналған Наурызнаманың бесінші күнінде облыс аумағында этнодефиле, көрмелер, отбасылық конкурстар, мекеме-ұйым ұжымдарының бейнероликтер челленджі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Талдықорған қаласының орталық алаңында этнодефиле өткізіліп, онда қыз-жігіттер түрлі этностардың ұлттық киімдерін киіп шықты. Мереке бұдан әрі «Наурыз Аруы - 2025» байқауының финалымен жалғасты. Осыған дейін байқаудың іріктеу туры Өтенай ауылдық мәдениет үйінде өткен болатын. Іріктеуден өткен он ару көркіне ақылы сай екенін таныту үшін көрермендер алдында өзінің бар өнерін паш етіп, сахнада қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Байқау қорытындысында бас жүлдеге Талдықорғандағы Б.Сырттанов атындағы №25 орта мектептің 11 сынып оқушысы Еркежан Серікхан ие болды.
- Бүгін немерем Еркежанның өнерін тамашалап, жанкүйер болуға Алакөл ауданы, Көлбай ауылынан арнайы келдім. Немеремнің жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Қыздардың бәрі де лайықты өнер көрсетті. Байқау маған қатты ұнады. Бұл тек қана сұлулық байқауы емес, сонымен қатар ұлттық мұрамызға, ұлттық тәрбиеге үлкен мән беріп, жастардың рухани дамуына ықпал ететін шара болды. Барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаймын, - деді Жаңылқан Сүлейменова.
Атап өтсек, осы күні Талдықорғандағы Салтанат сарайында «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» көрмесі, сондай-ақ Көркемсурет галереясында «Қызай өрнек» тақырыбында көрме-фестиваль өткізілді. Көрме-фестивальда «Қызай қалпақ», «Қызай кимешек», «Қызай тақия», «Қызай түскиіз бен шымылдық», «Қызай ер мен ат әбзелдері», «Қыз жасауы», басқа да тұрмыстық бұйымдардың, Қызай анаға қатысты баспадан шыққан шежіре, тарихи, ғылыми еңбектердің таныстырылымы болды.
Сол сияқты Қаратал ауданының Үштөбе қаласында «Ұлттық киімдегі отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 44 отбасы қатысты. Олар қазақ халқының күнделікті киімдерімен қатар, түрлі қуаныштарда киетін мерекелік киімдерін, қазақы оюлар мен әшекейледі де дәріптеді. Байқауда Жұмаділ, Ерғосаевтар, Захан, Сұрабалдиновтар, Долашовтар, Рысқазы, Ашықбаевтар және Апасхановтар отбасылары жеңімпаз атанып, диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
- Отбасымызбен қазақи киім киіп, мерекеге арнайы дайындалып келдік. Мақсатымыз - қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту. Наурыз аясында ұлттық киімдерге ерекше көңіл бөліне бастағаны қуантады. Осы арқылы біз ұлттың мұрамызды ұлықтап қана қоймай, жастарға үлгі көрсетеміз. Өйткені ұлттық киім – халықтың айнасы, - Қаратал ауданының тұрғыны Нағашыбай Біләлұлы.
Сол сияқты Көксу ауданында іскер әйелдердің қоғамдағы рөлін, олардың кәсіпкерлік және еңбек саласындағы жетістіктерін атап өту мақсатында «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған «Әйел және еңбек мерейі» атты іскерлік әйелдер форумы өтті. Іс-шара «Адал Азамат - Адал еңбек - Адал табыс» атты көрмемен басталып, онда іскер әйелдер өз қолымен тіккен ұлттық киімдері мен өз қолымен дайындаған ұлттық тағамдарын, ағаштан, былғарыдан жасалған қолөнер бұйымдарын, ұлттық киімдер бейнеленген картиналарды көрермендер назарына ұсынды.
Осы күні ұлттық киімдерді дәріптеуге арналған іс-шаралар облыстың барлық аудан-қалаларында кеңінен ұйымдастырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков, Олжас Құрмашев және аудан әкімдіктері ұсынған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -