«НАУРЫЗНАМА»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢАРУ КҮНІНЕ ОРАЙ 100 МЫҢНАН АСА АҒАШ ЕГІЛУДЕ
«Наурызнама» онкүндігі аясында 19 наурыз Жаңару күні болып белгіленген. Осыған орай облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында ағаш егу шарасы өтті. Игі шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы және жауапты басқарманың өкілдері мен түрлі мекеме қызметкерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары және қала тұрғындары белсене қатысты. Ұлттық киім киген тұрғындар «Наурызнаманың» кезекті күнін игі іспен өрнектей білді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған бұл іс-шараға жалпы 1000-нан астам адам атсалысып, саябақ алаңын көшетпен көмкерді.
Саябақтан бөлек, облыс орталығындағы «Қылует» мешіті, Шекті Тілеу көшесі бойы, Төле би саябағында ағаш егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған аумақтарға 10 мың түп түрлі ағаш, бұта мен гүл көшеттері егіледі. Ұйымдастырушылар әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастау керектігін айтып, қала аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екендігін жеткізді.
Биылғы жоспар бойынша көктем және күз мезгілдерінде Түркістан қаласы бойынша 197 010 ағаш және 365 144 бұта және гүл көшеті егіледі. Оның ішінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан 111 260 түп ағаш көшеті, 92 661 бұталы ағаш және көпжылдық гүл егілсе, сонымен қатар қала бюджеті есебінен 85 750 түп ағаш, 272 483 бұта және көпжылдық және біржылдық гүл егілмек.
Наурыз мейрамы қарсаңында облыс көлемінде көктемгі ағаш егу дәстүрі жүзеге асырылуда. Елді мекендерде егілетін ағаштардың басым бөлігін терек, қарағаш, айлант, қарағай, үйеңкі, арша, сириялық раушан, шаған, жеміс талдары сынды жергілікті климатқа бейімделген ағаштар құрайды. Көшеттер облысқа қарасты 17 аудан, қаланың саябақтары мен гүлзарларына, сонымен бірге елді мекендерді қосатын жол бойлары, мектептер мен орталық көшелерге отырғызылады. Жалпы облыс бойынша Жаңару күні 100 мыңнан аса көшет егіледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, биыл облыста 1,2 млн. ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде 631 мың түп ағашты көктем мезгілінде отырғызу көзделген. Бүгінгі таңда аудан, қала аумағында 415 мыңнан аса түп ағаш отырғызылып, су жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -